top of page

Компьютерлік желілер

Белый фон

Лекция №1.  Компьютерлıк желıлер. Компьютерлıк желıлердıң жıктелуı және сипаттамасы

fec2b934-3d06-4d0f-bef8-3bc0c5214264.jpeg

Педагогика ғылымдарының кандидаты

Компьютерлік желі компоненттері

Желі – мәліметті өңдеу мен сақтау, түрлендіру мен жіберу құрылғыларымен жабдықталған объектілер жиынтығы.

Желі құрамына келесі компоненттер кіреді:

  • желілік адаптермен жабдықталған компьютерлер;

  • байланыс каналдары;

  • сигналды түрлендіргіш құрылғылар;

  • желілік құрылғылар.

Желіде негізінен екі түрлі құрылғылар пайдаланылады: ақпараттық және коммуникациялық құрылғылар.

Ақпараттық құрылғылар ақпаратты өңдеу және сақтау қызметін атқаратын ақпараттық жүйелерден тұрады. Ақпараттық жүйенің құрамына компьютерлер, бағдарламалық жабдықтар, пайдаланушының ақпараттық сұранысын қамтамасыз етуге арналған принтер, сканер секілді басқа да қосымша құрылғылар кіреді.

Коммуникациялық құрылғылар мәліметтерді түрлендіру және жіберуге байланысты қызмет атқарады. Коммуникациялық құрылғылар пайдаланылатын байланыс құралдарының типіне байланысты жіктеледі.

Пайдаланушының желідегі тұтынушылығын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені (негізінен желідегі компьютерді) жұмыс станциясы немесе клиент деп атайды.

Жұмыс станциясының қарапайым дербес компьютерден айырмашылығы – оның желілік адаптермен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуінде.

Компьютерлік желі – жұмыс станцияларымен, коммуникациялық байланыс каналдарымен, мәлімет алмасуды жүзеге асырушы желілік құрылғылармен, желілік бағдарламамен жабдықталған жүйе.

 

Желілердің жіктелуі

Желілер:

  • территориялық орналасуына;

  • архитектурасы мен хаттамасына;

  • платформасына;

  • пайдаланылатын операциялық жүйелерге;

  • қызмет ету саласына;

  • қызмет ету түріне;

  • мәлімет жіберу жылдамдығына;

  • жұмыс істеу принципіне;

  • мәлімет жіберу ортасына;

  • топологиясына;

  • коммутациялау әдісіне байланысты жіктеледі.

Территориялық орналасуы бойынша: локальдық, аймақтық, ауқымды (глобальдық).

Бір бөлменің немесе бір ғана ғимараттың ішінде орналасқан желіні локальдық желі деп (Local Area Network - LAN), бір ауданның немесе қаланың көлемінде орналасқан желіні аймақтық желі деп (Metropolitan Area Network - MAN), бірнеше қалалар мен елдерде орналасқан желілердің жиынтығын ауқымды желі деп (Wide Area Network - WAN) атайды.

Архитектурасы мен хаттамасы бойынша: Internet, Apple (архитектуралық) Ethernet, X.25 (хаттамалық) т.б.

Архитектура – желідегі жұмыс станцияларының өзара байланысу құрылымы мен қатынасын анықтайтын тұжырымдама. Ол желідегі аппараттық  және бағдарламалық құралдардың логикалық, функционалдық және физикалық  тұрғыдан ұйымдастырылуын қарастырады.

 

Серверлік желілер

Жұмыс істеу принципі бойынша желілер серверлік және бір рангілі болып бөлінеді.

Сервер деп пайдаланушыға мәлімет алмасу мақсатында өзінің қызметі мен ақпараттық ресурстарын ұсынушы, қуатты процессорлы, үлкен сиымдылықты  компьютерді немесе күрделі, көпфукнциялы бағдарламалық жабдықты айтады. «Сервер» сөзі ағылшын тілінен аударғанда server – қызмет етуші деген мағынаны білдіреді.

Серверлік желіде екі түрлі архитектура қолданылады:

  • файл-сервер архитектурасында пайдаланушының сұранысы  бойынша мәліметтер серверден клиентке (жұмыс станциясына) жіберіледі де, ол мәліметтердің өңделуі клиентте жүзеге асырылады;

  • клиент-сервер архитектурасында пайдаланушының сұранысы бойынша мәліметтер сервердің өзінде өңделіп, клиент тек дайын өңделген мәліметті пайдаланады. 

Сервердің мынадай түрлері бар:

  • файлдық сервер;

  • баспа сервері;

  • қосымшалар сервері;

  • хабарламалар сервері (пошталық сервер);

  • мәліметтер қоры сервері (SQL-сервер).

Хабарламалар сервері сандық (екілік жүйедегі) мәлімет алмасуды хабарлама түрінде жүзеге асырады. Хабарламалық қызметтің бірнеше түрі бар:

  •  электрондық пошта қызметі - мәтіндік, бейнелік, дыбыстық, графиктік типті ақпараттарды жіберуді орындайды. Сонымен бірге, компьютер мен телефонды бір жүйе ретінде қолданатын дауыстық пошта қызметі де қолданылады. Мұнда дауысты, сөзді мәтінге және керісінше түрлендіретін арнайы бағдарламалар пайдаланылады;

  •  құжат айналымын басқару қызметі. Бұл қызмет құжаттар мен хабарламаларды бір пайдаланушыдан екіншісіне бағыттап отыруды іске асырады; 

  • каталогтар қызметі. Мұнда каталог сервер жөніндегі мәліметтерді сақтайды. Бұл мәліметтер пайдаланушыға қажетті ақпаратты жылдам іздеп табуға, оны сақтауға, қорғауға мүмкіндік береді.

Мәліметтер қоры сервері (SQL-сервер) мәліметтер қорымен жұмыс істеуге арналған.                     

Серверлік желінің сипаттамасы:

  1. Желідегі компьютерлер саны желі мен сервердің аппараттық жабдықталуына байланысты болады.

  2. Ресурстарды жан-жақты және бір орталықтан қорғау жүзеге асырылады.

  3. Администрациялау бір орталықтан жүзеге асырылады.

Артықшылықтары:

  1. Бір орталықтан жан-жақты қорғалуы.

  2. Файлдардың бір орталықта сақталуы. Барлық пайдаланушылар бір мәліметтер қорымен жұмыс істей алады.

  3. Сервер желілік ресурстарға пайдаланушының жылдам қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

  4. Ресурстарды басқару қызметінен пайдаланушылар босатылады.

  5. Желіде бірнеша пайдаланушы болса да, басқару қарапайым жүзеге асырылады.

 

Бір рангілі желі

Желіде сервер болмай, компьютерлер бір-бірімен тең дәрежеде қызмет атқарса, мұндай желіні бір рангілі желі деп атайды. 

Біррангілік желінің сипаттамасы:

  1. Желідегі компьютерлердің саны 10 компьютердің шамасында.

  2. Қорғау мәселесін  әрбір пайдаланушы өз бетінше шешеді.

  3. Өз компьютерін администрациялаумен әрбір пайдаланушы өзі айналысады.

 

 

Бақылау сұрақтары:

  1. Компьютерлік желі дегеніміз не?

  2. Желі қандай компоненттерден тұрады?

  3. Компьютерлік желілер қандай сипаттамалар бойынша жіктеледі?

  4. Территориялық орналасуына байланысты желі нешеге бөлінеді?

  5. Желіге қосылған компьютер қалай аталады?

  6. Сервер дегеніміз не?

  7. Сервердің қандай түрлері бар?

  8. Серверлік желінің сипаттамасын атаңыз.

  9. Бір рангілі желі дегеніміз не?

  10. Серверден бір рангілі желінің айырмашылығы қандай?

bottom of page